Педагогтерге алғаш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасы табыс етілді

Елімізде алғаш рет педагогтерге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасы берілді. Мемлекет басшысының Жарлығымен 20-дан астам мұғалім білім беру саласына сіңірген еңбегі үшін мемлекеттік марапатқа ие болды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогтерге мемлекеттік награданы табыс етіп, оларға алғыс білдірді.

«Педагогтерге мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алғаш рет “Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы” мемлекеттік наградасы тағайындалды. Еңбектеріңіз бен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айтамын. Наградаларыңыз құтты болсын! Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін», – деді Министр Асхат Аймағамбетов.

«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасы мұғалімдерге үздік жетістіктері мен мемлекет алдындағы ерекше еңбегі үшін беріледі.

Байулова Гүлназия Сабырқызы «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік сыйлығын лайықты алған мұғалімдердің бірі.

Ол қазіргі уақытта №9 «Зерде» мамандандырылған мектебінде география пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді және 2009 жылдан бастап директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары лауазымын атқарады.

Еңбек жолын 1980 жылы Қарағанды ​​облысы, Жезді ауданындағы Байқоңыр № 4 орта мектебінде мұғалім болып бастаған.

Өмірлік еңбек жолында оның көптеген құрметті марапаттары мен алғыс хаттары бар, ал шәкірттері географиядан республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың жеңімпаздары болып табылады.

Гүлназия Сабырқызының мектептің беделіне қосқан жеке үлесі де маңызды, бұған ҰБТ-дағы жоғары көрсеткіштері мен «Алтын белгі» иегері болған түлектерінің көптігі дәлел.

Оқыту барысында инновациялық технологияларды қолдана отырып, кәсіби шеберліктерін үнемі шыңдайтын мектеп мұғалімдерімен жұмыс жасауға ерекше көңіл бөлінеді.

Гүлназия Сабырқызының шығармашылығындағы білім сапасына баса назар аудару басты басымдық болып табылады. Астаналық білім беру мен өскелең ұрпақтың тәрбиесін дамытуға сіңірген еңбегі үшін Байулова Гүлназия «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» Құрметті атағын лайықты алды.