«Астана дарыны» орталығы мен «Co-Make» елордалық педагог-психологтарға инклюзивті білім беру бойынша оқыту курсын өткізді

«Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығы «Co-Make» ҚҚ бірлесіп, педагог-психологтер үшін «Мектепте инклюзивті білім беру форматында педагог-психологтың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру» бағдарламасы бойынша осы жылдың 19-24 қаңтар аралығында оқыту курсын өткізді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Курстың мақсаты – мектеп жағдайында ерекше білім алуға қажеттілігі бар балаларды кешенді психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу үшін инклюзивті білім беру форматында жұмыс істейтін мектеп педагог-психологтарының кәсіби құзыреттілігін арттыру.

Оқыту онлайн және қашықтықтан мемлекеттік тілде 4 блок бойынша жүргізілді.

3-4 блок бойынша А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің дефектология кафедрасының доценті, арнайы және инклюзивті білім беру кафедрасының аға оқытушысы, философия ғылымдарының докторы (PhD) Айнагүл Рымханова «Ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс жүргізуде педагог-психологтің кәсіби құзыреттілігін жетілдіру» тақырыбы бойынша инклюзивті тәжірибе субъектілерін психологиялық-педагогикалық қолдау, жалпы білім мектепке баратын психикалық дамуында тежелуі бар бала үшін жеке білім беру бағытын әзірлеу және оны іске асыру, инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын мамандардың инклюзивті дайындығы, инклюзивті дайындықтың психологиялық-педагогикалық аспектілері және т.б. мәселелерді теориялық, әдіснамалық және практикалық тұрғыдан түсіндірді.

Оқу курсына күн сайын 111 тыңдаушы (балабақша, мектеп және колледж, арнайы білім беру мекемелерінің педагог-психологтарымен қатар педагогтар, әдіскерлер) қатысып отырды. Оқу әр түрлі формада, яғни лекция, практикум, семинар, тренинг түрінде өтті. Сабақ соңында кері байланыста алған білімнің мазмұндылығын, тиімділігін және алдағы уақытта өз білімдерін толықтыруға деген қажеттіліктің туындағаны туралы ой-пікірлерін білдірді. Курс соңында тыңдаушыларға электронды сертификат берілді.