Qabilet кәсіби бағдар беру қызметі ашылды

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының «ЕL UMITI» бастамасын іске асыру мақсатында «Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығында Qabilet кәсіби бағдар беру қызметінің салтанатты ашылуы өтті.

Qabilet кәсіби бағдар беру қызметі 7-11 сынып оқушыларының зияткерлік қабілеттерін анықтауға және болашақ түлектің талаптары мен сұраныстарына жауап беретін мамандық, оқу орнын таңдауда психологиялық көмек көрсетуге бағытталған.

Сонымен қатар, жыл бойы оқушыларды және олардың ата-аналарын зияткерлік қабілеттерін тереңдету, кәсіби кеңес беру және кәсіби маңызды құзыреттіліктерді меңгеруге ынталандыру үшін жеке сұраныстары бойынша қабылдауға мүмкіндік бар.

Qabilet орталығында диагностика жүргізу бойынша арнайы мамандар көмек көрсетеді. Клиенттермен жұмыс жөніндегі менеджер: телефон арқылы өтінімдерді қабылдайды және бағдарламалардың электрондық базасында тестілеуден өтуге ниет білдірушілерді тіркейді; психолог-кеңесші: тестілеуден өту кезінде консультациялық көмек көрсетеді; кәсіптік бағдар беруші (психолог): Қазақстанның арнайы орта және жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндіктері туралы ақпарат береді; үйлестіруші маман (психолог): пилоттық мектептердің қызметіне әдістемелік сүйемелдеу жүргізеді, психологтерге кеңес беру үшін мектептерге барады және жұмыс көлемі артқан жағдайда психологтерге көмек көрсетеді.

Ашылу рәсімнен кейін қонақтарға кәсіби бағдар беру қызметінің барлық мүмкіндіктері көрсетілді: мектеп оқушыларымен кәсіби бағдарлауды анықтау бойынша диагностика жүргізілді. Тестілеу барысы қонақтардың үлкен қызығушылығын тудырып, олар да диагностикадан өтті.

Диагностика аяқталғаннан кейін тестілеуге қатысушылардың барлығына қорытындылары үлестіріліп, мамандардың кеңесі берілді. Сондай-ақ, шара барысында ҚР арнайы-орта және жоғары оқу орындарының базасы таныстырылды.