Елордалық дарынды оқушылар марапатталды

Тұғыры биік еліміздің ертеңінің жарқын болуы – білім мен өнерде биік шыңдарды бағындырып, бәсекелі бәйгелерде топ жарған біздің дарынды жеткіншектеріміздің қолында.

Кез келген жеңіс бұл – оқушы бойындағы үлкен жауапкершіліктің, оқушы мен ұстаздың бірлесе атқарған жұмысының, тиянақтылық пен табандылықтың нәтижесі. 

Елорданың 166 оқушысы Бразилия, Кипр, Румыния, Венгрия, Әзірбайжан, Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Катар, Нидерландыда өткен халықаралық рейтингтік олимпиадалар мен ғылыми конкурстарға қатысып, 80 медальға ие болды, оның ішінде: 15 алтын, 25 күміс және 40 қола. Бұл – оқушыларымыздың халықаралық олимпиадалар мен байқаулардағы жетістіктерінің жарқын дәлелі.

Республикалық және халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін алтын және күміс медаль иегерлері атанған 18 оқушымыз Қазақстан Республикасының құрама командасына кіріп, халықаралық аренада Нұр-Сұлтан қаласының намысын қорғайды.

Елордалық оқушылар соңғы 13 жыл бойы «Үздік олимпиадалық команда» атағына ие болып келеді. 

Бүгін қаламыздың осындай 57 дарынды оқушысы қала әкімі А.Күлгіновтың алғыс хаты мен 100 мың теңгелік сыйақымен марапатталды. 

Сонымен қатар, үздіктерді дайындап, білім берген ұстаздар қауымына да алғыс айтылып, демеуші BSB Trade & Advertising ЖШС ұсынған ноутбуктер табысталды.