«Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы» ММ бос басшылық лауазымға конкурс жариялайды:

04.12.2020 ж.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығы» КММ директоры (мекен-жайы: Нұр-Сұлтан қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, 55/13). 

Лауазымдық айлықақысы атқарған еңбек өтіліне байланысты – 101 104 теңгеден 122 994-ке дейін). 

2007 жылдан бастап жұмыс істейді. 

Біліктілікке қойылатын талаптар: жоғары білім, білім беру ұйымындағы немесе оқу орнының бейініне сәйкес ұйымдарда басшы лауазымда еңбек өтілі 5 жылдан кем болмауы тиіс. 

Лауазымдық міндеттері: Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес орталық қызметінің барлық бағыттарына жалпы басшылық жасауды жүзеге асырады. Орталық басқару құрылымын, штаттық кестені белгілеп, бекітеді.

Орталықтың стратегиясын, даму мақсаты мен міндеттерін белгілейді, даму бағдарламаларының, ішкі тәртіп ережелерінің әзірленуін, бекітілуін және орындалуын ұйымдастырады. Бюджеттік қаржыны оңтайлы пайдалануды қамтамасыз етеді. Заңнамамен белгіленген шекте орталықтың мүлкіне және қаржысына иелік етеді. Оқу-материалдық базаның есепке алынуын, сақталуын және толығуын қамтамасыз етеді. 

Республикадағы және шетелдегі қоғамдық ұйымдардың (қауымдастықтар, кеңестер және т.б.) өзара әрекеттесуін ұйымдастырады.

Ғылыми-педагогикалық және тәрбие процесін тиісті деңгейде қамтамасыз етуші кадрларды іріктеуді және орналастыруды жүзеге асырады. Қызметкерлердің лауазымдық міндеттерін белгілейді, олардың кәсіби шеберлігін арттыру үшін жағдай жасайды. Қызметкерлердің творчестволық бастамашылдығын марапаттайды және ынталандырады.

Орталықтың жұмысына басшылық жасайды. Қажетті есептілікті дайындап, жіберуді қамтамасыз етеді.

Білуге міндетті: Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының «Білім туралы», «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы», «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Неке және отбасы туралы», «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» Заңдарын және басқа да білім беруді дамытудың бағыттары мен келешегін айқындайтын нормативтік құқықтық актілерді; педагогика мен психология негіздерін; мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын; педагогиканы, педагогикалық психологияны, педагогикалық ғылым мен практиканың жетістіктерін; экономика негіздерін,  қаржы-шаруашылық қызмет туралы заңнамаларды, еңбек туралы, еңбекті қорғаудың, техника қауіпсіздігі және өртке қарсы қорғанудың ережелері мен нормаларын, санитарлық ережелер мен нормаларды, дәрігерге дейінгі медициналық көмектің негіздерін.

Конкурс Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі № 338 бұйрығымен бекітілген, педагог қызметкерлер және оларға теңестірілген тұлғалардың лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамалары және ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 25 желтоқсандағы № 1017 бұйрығымен бекітілген, Азаматтық қызметке кіру және азаматтық қызметшінің бос лауазымына орналасуға конкурс өткізу қағидалары және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 ақпандағы № 70 бұйрығы негізінде өткізіледі. 

 Конкурсқа қатысуға тілек білдірген азаматтар конкурстық комиссияға келесі құжаттарды тапсырады: 

1) қоса берілетін құжаттардың тізбесі көрсетілген конкурсқа қатысу туралы өтініш;

2) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

3) кадрларды есепке алу жөніндегі толтырылған жеке парақ (нақты тұратын мекен-жайы мен байланыс телефондары көрсетілген);

4) лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес білімі туралы құжаттардың көшірмелері;

5) еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі;

6) еркін түрде баяндалған өмірбаян;

7) түйіндеме;

8) “Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушысының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6697 болып тіркелген) бекітілген нысан бойынша денсаулық жағдайы туралы анықтама ұсынады.

Конкурсқа қатысу үшін ұсынылған құжаттардың көшірмесі нотариалды немесе жұмыс орнының кадр қызметімен куәландырылады.

Азаматтар білімі, жұмыс тәжірибесі, кәсіби деңгейі туралы қосымша ақпараттарды (біліктілігін арттыру, ғылыми дәрежелер мен атақтар беру туралы құжаттардың көшірмелері, мінездемелер, ұсыныстар, ғылыми басылымдар және т.б.) тапсыра алады.
  Конкурс құжаттарын қабылдау конкурсты өткізу туралы хабарландыру жарияланған сәттен бастап 15 күнтізбелік күн бойы жүргізіледі. Конкурсқа қатысуға жіберілген кандидаттар «Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасы» мемлекеттік мекемесінде белгіленген тәртіпте әңгімелесуден өтеді.

Конкурстың өткізілетін орны «Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы» ММ.

Конкурсқа қатысу үшін қажетті құжаттарды мына мекен-жайға тапсыру қажет: индекс 010000, Нұр-Сұлтан қаласы, Бейбітшілік көшесі, 11-үй, «Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы» ММ № 722 А кабинет. Анықтама телефондары: 55 68 57.