Оқушылардың демалысы “Қазақстан балалары – күзгі интерактив!» атты ұранмен өткізіледі

Оқу жылының алғашқы тоқсаны аяқталып, оқушылар күзгі демалысқа шықты. Демалыс уақытын тиімді әрі қызықты өткізу үшін Білім басқармасымен бірқатар шаралар ұйымдастырылады. Күзгі демалыс “Қазақстан балалары – күзгі интерактив!» атты ұранмен өткізіледі.

Осы мақсатта әрбір мектепте іс-шаралар жоспары әзірленді. Әзірленген іс-шаралар жоспары аясында құқық қорғау ұйымдарының кеңестері,  Қазақстанның жоғары оқу орындары мен колледждеріне виртуалды саяхаттар, челлендждер, танымал спортшылармен кездесулер, 3D модельдеу және робототехника бойынша мастер-тренингтер, қолдан жасалған бұйымдар мен суреттер көрмелері өткізіледі.

       Карантиндік шаралардың қатаңдатылуына байланысты барлық іс-шаралар онлайн режимде өтеді.

        Өткізілетін іс-шаралар:

      20 қазан мен 20 қараша аралығында, яғни күзгі демалыс кезінде білім беру ұйымдарында Дүниежүзілік балалар күніне арналған “Бала құқығы – адам құқығы” айлығы өтеді. Іс-шаралар, бірінші кезекте, құқықтық ақпараттандыруға, оқушыларды шығармашылық және зияткерлік дамытуға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға, өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар мен отбасылар үшін қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыруға бағытталған.

Сондай-ақ, 1 қарашада “Дұрыс тамақтану мектебі” жобасы аясында қала мектептерінің оқушылары арасында челлендж іске қосылды, оның негізгі мақсаты – дұрыс тамақтануды насихаттау. Бұл жас ұрпақтың салауатты және мықты болып өсуіне көмектесетін жақсы әдеттер мен дағдыларды қалыптастыруға әсер етеді.

Әлеуметтік желілерде барынша тарату арқылы “Бес асыл іс” қайырымдылық челленджі басталады. Іс-шараның негізгі мақсаты – балалардың басқаларға жақсылық жасауға деген ұмтылысын ояту.

9 қарашада оқушылардың Ұлы Абайдың шығармашылығына қызығушылығын арттыру мақсатымен, “Абайдың Кіші Академиясы” жобасының аясында #besasylis хештегімен “Мен Абайды жырлаймын” челленджі басталады, оның басты міндеті: қарттар мен мұқтаж адамдарға көмек көрсету.