Тегін техникалық және кәсіптік білім беру жобасы жүзеге асырылуда

2017 жылдан бері «Баршаға арналған тегін техникалық және кәсіптік білім беру» жобасы 2 бағыт бойынша жүзеге асырылуда. 

  • жергілікті бюджет есебінен жұмысшы мамандықтарын және орта буын бойынша кадрлар даярлау;
  • нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың  2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде.

«Жоба аясында ағымдағы оқу жылында мемлекеттік білім беру тапсырысы меншік нысанына қарамастан  21 колледжде 4 652 орынға орналастырылды, оның ішінде “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы бойынша – 1050 орын», – деді бүгінгі брифингте Білім басқармасының басшысы Қадырова Шолпан Маратқызы.

Жобаға оқу орындарына түспеген 9-11 сынып түлектері, жұмыс іздеп жүрген тұлғалар, аз қамтылған отбасылардың және көп балалы отбасылардың балалары,  сондай-ақ, өзге де санаттағы азаматтар қатысады. 

“Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы бойынша оқитын студенттерге ыстық тамақпен қамтамасыз ету, шәкіртақы және жылына екі реттік тегін жолақы, яғни қысқы және жазғы каникулдар кезеңінде қалааралық теміржол және автомобиль көлігінде жол жүру құны сынды әлеуметтік көмек көрсетіледі. 

Жалпы, брифингте басқарма басшысы үш жыл ішінде аталмыш жобаны жүзеге асыру оң нәтиже бергенін жеткізді.  Бүгінде жастардың алғашқы жұмысшы мамандығын тегін алуға мүмкіндігі бар.