Арнайы білім беру ұйымдары қашықтан қалай жұмыс істеуде?

Ерекше білімді қажет ететін балалар үшін қаламызда 15 ұйым жұмыс істейді. 

Білім басқармасында 0-ден 18 жасқа дейінгі ерекше білім беруді қажет ететін 10 мыңнан астам бала тіркелген.

Ең алдымен, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның (ПМПК) қорытындысы арнаулы ұйымдарға қабылдау үшін негіз болып табылады. 

Қабылдау алдын ала жазылу бойынша ата-аналар үшін ыңғайлы форматта, яғни тікелей жүгінген кезде, телефон арқылы, сонымен қатар, ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап “egov.kz электрондық үкімет” порталы арқылы жүзеге асырылады.

Бүгінгі таңда психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар штаттық режимде жұмыс істейді, сонымен қатар ата-аналардың өтініші бойынша онлайн-тексеру мүмкін.

Даму ерекшеліктеріне байланысты эмоционалды-еріктік саласы мен мінез-құлқы, сондай-ақ есту және көру қабілеті бұзылған балалар штаттық режимде қабылданады. 

Тірек-қимыл қозғалысы бұзылған және психикалық дамуы кешеуілдеген балалар онлайн-режимде тексеруден өте алады. Қашықтықтан жұмыс істеу форматы кезеңінде 1 767 бала онлайн – тексеруден өтті, оның нәтижелері бойынша әрбір баланың жеке білім беру маршруты әзірленді.

Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері (ППТК) мен оңалту орталықтарында дамуында ауытқуы бар балалар мен жасөспірімдерді оңалту және әлеуметтік бейімдеу үшін кешенді қолдау көрсетеді. 

Қазіргі уақытта 1413 бала психологиялық-педагогикалық көмек алуда. Қашықтан оқытуға көшуге байланысты балаларды түзету-дамыту қызметімен қамту 10% – ға артқаны байқалады.

Сонымен бірге, визуалды және эмоционалды байланыстың болмауынан, аутист балалар мен көру қабілеті бұзылған балалар үшін қашықтықтан оқыту қиындықтар туғызды. Сондықтан олар штаттық режимге ауыстырылып, жеке сабақ кестесі жасалды. Ата-аналарға кеңес беру онлайн-режимде өтуде.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта қалада зерде бұзылыстары бар (интеллект) балаларға арналған арнайы мектептер жұмыс істейді, онда 876 оқушы қамтылған. Сонымен қатар, сыныптардағы оқушының саны 12-ден аспайды. 

Ағымдағы жылы №3 арнайы мектеп интернат ашылды, ал № 1 мектеп-интернат базасында үйде оқитын балаларды түзету үшін ресурстық орталық жұмыс істей бастады. Орталықта балалар түзету-дамыту және жеке сабақтарға, емдеу-сауықтыру шараларына (бассейн, ЕДШ, массаж, физиотерапия) қатысады.