Елордада жаңа оқу жылы қарсаңында балаларды мектепке дайындау іс-шаралары басталды

Жыл сайын Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы № 64 қаулысының негізінде жалпыға міндетті орта білім беру аясында әлеуметтік көмекті қажет ететін мектеп оқушыларына материалдық көмек көрсетіледі.

Жалпыға міндетті орта білім беру қоры шеңберінде:

– киім, аяқ киім, қажетті оқу құралдарын сатып алуға;

– оқу орнында тамақтануға;

– мектептегі мәдени-бұқаралық және спорттық шараларға қатысуға болады. 

Көмекті кімдер алады?

  • мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасы балалары (АӘК);
  • мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасы балалары;
  • жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • төтенше жағдайлар салдарынан шұғыл көмекке мұқтаж отбасы балалары;
  • білім беру ұйымының алқалы органы (қамқоршылық кеңес) айқындайтын өзге де санаттарына жататын білім алуышылар. 

Ережедегі соңғы өзгерістерге сәйкес, көмек көрсету Қазақстан Республикасының Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы ұсынған өнім жеткізушілер арқылы жүргізіледі. 

Ата-аналардың көмек көрсету қызметтерін жақсарту туралы ұсыныстары мен пікірлерін ескере отырып, Басқарма «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірігіп балалардың жеке көлік карталарын қолдану арқылы жаңа механизм әзірледі. 

Өткен жылы бір балаға 30 мың теңге көлемінде сертификат түрінде 12 690 оқушы көмек алса, биыл әлеуметтік көмек мөлшері бір балаға 40 мың. теңге көлемінде ұлғайтылып, 17 мыңға жуық оқушыны қамту жоспарлануда. Жоғарыда айтылған 40 мың теңге баланың көлік картасына 40 мың бірлік түрінде толтырылады. 

Ата-ана тауарды таңдап, сатушыға баланың көлік картасын ұсынады. Сатушы арнайы бағдарлама арқылы таңдалған тауардың ақысын картадан бірліктер ретінде алады. Әлеуметтік бірліктердің қозғалысы жеке кабинеттерде бақыланады, бұл қаражаттың ашықтығы мен мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етеді.

  Қазіргі уақытта мектептерде балалар деректерін автоматтандырылған жүйеге еңгізу жұмыстары жүргізілуде, деректердің жаңартылуына және мәртебесінің расталуына қарай енгізіледі. 

Жалпыға міндетті орта білім беру қорынан көмек алу үшін ата-аналар баласы оқитын мектепке өтініш жазады. Өтінішті 15 жұмыс күні ішінде мектептің алқалы ұйымы қарайды. 

Бағдарламаны 18 тамыздан бастап 31 қазанда аяқтау жоспарлануда.

Өткен жылы өнім сапасы мен ассортиментіне қатысты айтылған сындарды ескере отырып, “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, қатысушы компаниялар мен сауда нүктелерін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізілді. Егер өткен жылы 10 компания мен 16 сауда орны болса, биыл 16 компания мен 27 сауда орны болады. Ата-аналар үшін сауда орындарының мекен-жайлары көрсетілген жадынама әзірленді, олар “ҚАМҚОР” логотипімен белгіленеді.

Сонымен бірге, ата-аналардан сауда орындарында сатып алушылар арасындағы арақашықтыққа қойылатын талаптарды, яғни 1 метр қашықтықты, маска режимін сақтауды, қолды антисептиктермен өңдеуді сұраймыз, бұл балалар мен ересектердің денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды. 

Бағдарламаға қатысты сұрақтар бойынша мектепке немесе Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасына хабарласуыңызды сұраймыз: 556960, 550179, 87750606868, 87759449665.