Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған “Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы” поэтикалық кешінің ақпараты

2020 жылдың 11 ақпанында Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған “Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы” атты поэтикалық кеш өтті.  

Кешке Нұр-Сұлтан қаласы білім беру ұйымдарының 9-10 сынып оқушылары қатысты. Кештің құрметті қонақтары ретінде “Сарыарқа” аудандық Ардагерлер кеңесінің және “Әжелер”қалалық вокалдық ансамблінің өкілдері шақырылды.

Көрермендерге Абай Құнанбайұлының шығармашылығын, оның жүріп өткен жолы мен ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан ұлы ойларын ашатын музыкалық-театрлық қойылым көрсетілді. Абайдың қара сөздері мен оның ең танымал өлеңдері қойылымның басты желісіне арқау болды.

Әдеби-музыкалық композицияны өткізудің бастамасын профессор Ақыш Омар Қоңыртайұлының шығармашылық шеберханасының әртістерімен, Қазақ ұлттық өнер университетінің “Театр және кино актері” мамандығының 3-курс студенттерімен бірге Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы жасады.