«Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңын талқылау

2020 жылы 9 қаңтар № 77 мектеп-гимназия базасында Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» 27.12.2019 жылғы № 293-VI ҚР Заңын түсіндіру және талқылау бойынша дөңгелек үстел өткізілді. Отырысқа Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Б. Мәкен, қалалық мәслихат депутаттары З.Ғ. Жүсіпова және З.С. Гаипов, елордалық білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтары, “Әділет” білім беру қызметкерлері кәсіподағының басшысы Б. А. Әлиев, «Qoldau»білім беру ұйымдарының Қамқоршылық кеңесі» ҚБ өкілдері, сондай-ақ ата-аналар қоғамдастығы қатысты.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Б. Мәкен өз сөзінде: «педагогтардың жағдайын сапалы жақсартатын барлық нормалар бекітілді, мамандық жастар мен өскелең ұрпақ үшін неғұрлым тартымды болады. Бұл заң жастарды ынталандыруға мүмкіндік береді».
Сондай-ақ, заңда педагогтердің жұмысты орындау бойынша жүктемесін төмендету және олардың тікелей лауазымдық міндеттеріне кірмейтін өзіне тән емес функциялардан босату көзделгені атап өтілді.

Әкімнің орынбасары заңмен мұғалімдерді материалдық қамтамасыз ету нормалары, көтермелеу шаралары және әлеуметтік кепілдіктерге назар аударды. Осылайша, педагогтарға жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын 42-ден 56 күнтізбелік күнге дейін ұлғайту, педагогтар үшін еңбекақыны осы жылдан бастап 25% – ға арттыру, оқушылары халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары немесе жүлдегерлері болған педагогтарды бір жолғы сыйақы түрінде үш лауазымдық жалақы мөлшерінде көтермелеу.
Осы заң бойынша мәслихат депутаттары мен білім беру ұйымдарының басшылары өздерінің оң пікірлерін білдірді.