Астаналық ең парасатты отбасы анықталды

Елордадағы «Жанұя» отбасын қолдау орталығында «Парасатты отбасы – 2019» қалалық байқауы өтіп жатыр, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. 

«Бүгін «Парасатты отбасы» қалалық байқауының ақтық кезеңі өтіп жатыр. Бұл байқау биыл біздің агенттіктің ұйытқы болуымен елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жалпы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің алдына қойған міндеттерінің бірі – жас ұрпақты парасаттылық пен адалдыққа тәрбиелеу. Ал тәрбиенің түбі – отбасында. Бұған дейін елорданың 4 ауданында іріктеу кезеңі өтіп, бүгінгі ақтық сынға үздік деген 12 отбасы таңдалып алынды», – деді Нұр-Сұлтан қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент төрағасының бірінші орынбасары Жазира Жылқышиева.

Оның айтуынша, бүгінгі байқаудан бөлек, еліміз бойынша өскелең ұрпақты адалдыққа тәрбиелейтін «Адал ұрпақ» жобасы жүзеге асырылуда.

«Біз байқауға қатысқан барлық отбасылар туралы деректерді қалалық әкімдікке жібереміз. Себебі бұл отбасылар өз ерекшеліктерін көрсете білді. Яғни алдағы уақытта осы отбасылардың жақсы қасиеттерін барша елорда жұртына үлгі етуіміз керек. Сыбайлас жемқорлықпен күресте отбасының атқаратын маңызы зор. Өйткені бүгінгі жас ұрпақ, ол ертеңгі әке, ана, мемлекеттік қызметкер және қоғамның белсенді мүшесі», – деді ол. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау соңында жеңімпаздармен қатар қатысушыларға құнды сыйлықтар беріледі. 

«Біз Алматы ауданының тұрғынымыз. №44 мектеп оқушыларының ата-анасы боламыз. Бұған дейін аудандық іріктеу кезеңіне қатыстық. Ол бойынша «Отбасының тарихы» атты очерк жаздық. Бүгінгі байқауда отбасымыз туралы 2 минуттық видео көрсетеміз. Сондай-ақ өз өнерімізді ортаға саламыз», – деді байқауда Алматы ауданының атынан бақ сынап жатқан Айжан Дайрабаева. 

Байқау соңында қазылар алқасы үздік деп танылған жанұяларды «Парасатты отбасы», «Көптілді отбасы», «Үздік оқырман отбасы», «Интеллектуалды отбасы», «Шығармашыл отбасы», «Шеберлер отбасы», «Өнерлі отбасы», «Жомарт отбасы», «Саяхатшы отбасы» номинациялар бойынша Байқоңыровтар (№68 мектеп), Желдібаевтар (№50 мектеп), Амангелді (№51 мектеп), Азмұхаметовтер (№44 мектеп), Тілек (№3 мектеп), Нұрмағамбетовтер (№34 мектеп), Ибадуллаевтар (№59 мектеп), Ибрагимовтер (№23 мектеп), Ертуғановтар (№81 мектеп), Ғабдуллиндер (№26 мектеп), Абдықұловтар (№10 мектеп) отбасыларын марапаттады.