Политехникалық колледжде заманауи жылу жүйесі бойынша мамандар даярланады

Жаңа оқу орталығы елорданы газдандыру аясында ерекше сұранысқа ие болады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты. Политехникалық колледжде Bosch Thermotechnik оқу орталығы ашылды. Ол жылыту жүйелерін жобалау мен пайдалануда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық технологияларын жаңғырту бойынша мамандарды практикалық даярлау үшін негізгі алаң болады деп күтілуде.

Ашылу салтанатына Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбек, білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин, отын-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов, сондай-ақ әлеуетті жұмыс берушілер: «Қазандықтар орталығы» ЖШС, «Роберт Бош» ЖШС, «Бәйтерек» ПИК Ассоциациясының және басқа да компаниялардың өкілдері қатысты.

Жылу жүйелерін монтаждау теориясы мен тәжірибесінің оқу класына арналған жабдықты «Роберт Бош» ЖШС ұсынды. Бұл демеушілік өзара мүддеге негізделген.

«Біз ескірген жүйелер, қазандықтардың ескі үлгілері бойынша жұмыс істеуге және оқуға үйренген оқу орындарының түлектеріне тап болдық. Тәжірибе жүзінде олар ақ қорапты көреді де, мұндай кішкентай құрылғының 350 шаршы метрге дейінгі аумақты қалайша жылыта алатынын түсінбейді. Оқу орындарымен келіссөздер барысында мұндай сыныптардың жоқ екені анықталды. Осылайша политехникалық колледжбен меморандумға қол қойылды. Жастардың өмірде көріп жүрген жабдықтармен жұмыс істеуге үйренуі үшін сынып құру идеясы туындады», – деді компания өкілі Илья Васильев.

Колледжде «газбен жабдықтау құрылғылары мен жүйелерін монтаждау және пайдалану» мамандығы бойынша, «газ объектілерінің жабдықтарын пайдалану жөніндегі техник» және «газ жабдығын пайдалану және жөндеу жөніндегі слесарь» біліктілігі бойынша оқытылады.

Мамандардың құзыретіне жылыту жүйелерін таңдау, есептеу, монтаждау және қызмет көрсету кіреді.

Колледж директоры Қасымхан Сенғазиев атап өткендей, бұл мамандық Астананы газдандыру аясында ерекше сұранысқа ие болады.

«Қаладағы бірде-бір колледж осындай мамандарды даярламайды, ертең бұл мәселенің өзектілігі артуы мүмкін. Қазір біз осы мамандықтарды оқуға лицензия алу үшін құжаттар дайындаудамыз. Сонымен қатар, қысқа мерзімді курстарды бастауды жоспарлап отырмыз», – деп түсіндірді колледж директоры.

Колледж лицензия алғаннан кейін алдағы жаңа оқу жылында үміткерлерді қабылдай бастайды.

«Бәйтерек» ПИК қауымдастығымен мамандарға деген қажеттілік туралы меморандумға қол қойылды. Осы қажеттілікті ескере келе, бірінші жылы біз 25 адамды жинауды жоспарлап отырмыз», – деді директордың оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Ғалия Куликова.

Іс-шара аясында колледждің басқа да инновациялық оқу зертханаларының тұсаукесері өтті. Атап айтқанда, «EXTLAB» электромобилін зерттеу зертханасы мен «BIM LAB» ғимараттарын ақпараттық модельдеу платформасы таныстырылды.

Leave a Reply

Your email address will not be published.