Білім беру мекемелерінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты талаптары

7.02.2018

Діни экстремизм және терроризмнің алдын-алуға байланысты Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру бойынша 2018 жылға негізделген іс-шаралар жоспарына сәйкес Астана қаласында Білім басқармасы тарапынан арнайы семинарлар мен дәрістер ұйымдастырылуда.

Бүгін Астананың № 71 мектеп-лицейінде оқу орындарының жетекшілері білім беру нысандарына қойылатын міндетті қауіпсіздік талаптарымен танысты.

Оқу орындарына қойылатын қауіпсіздік ережелерін қатысушыларға Астана қаласы ІІД-нің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Мадияр Айтуғанов түсіндірді.

«Нысандардың жетекшілерінің лаңкестікке қарсы қорғаныс жөніндегі төлқұжаты болуы керек. Ол ІІМ-мен келісілуі тиіс. Біз, бірінші кезекте, осыған назар аударамыз. Екіншіден, білім беру мекемелерінің жетекшілігі лаңкестік әрекет туралы көбірек білу үшін оқыту іс-шараларын тұрақты түрде өткізіп тұруға міндетті», - деп түсіндірді Мадияр Айтуғанов.

Тәртіп сақшысы, сондай-ақ, күдікті затты тапқан кезде жасалатын әрекеттердің тәртібін келтірді.

«Жарылғыш зат болуы тиіс күдікті затты ұстауға, ашуға, орнынан қозғауға мүлде болмайды. Кейде табылған заттың иесін іздестіру бойынша белгілі бір іс-шараларды жүргізуге тура келеді. Белгілі бір уақытқа дейін заттың иесі анықталмаса, мекеменің басшылығына күдікті заттың табылғандығы туралы айту керек. Ал басшылық өз кезегінде бұл ақпаратты полиция қызметіне немесе басқа да құзыретті органдарға хабарлауы тиіс», - деді Мадияр Айтуғанов.

Бүгін елорданың тәртіп сақшылары террористік тұрғыдан осал нысандарды тексеру жұмыстарын жүргізуді жалғастырып жатыр.

Анықтама үшін: Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-шаралар жоспары аясында жыл бойы оқушылар, ата-аналар және білім мекемелерінің басшылары мен қызметкерлері үшін жүйелі түрде оқыту жүргізіледі.

Ақапарат astana.gov.kz ресурсымен бірлесе даярланған.