Жасөспірімдер арасында асық атудан турнир өтті

5.02.2018

«Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуды жаңғырту» жобасының аясында № 18 орта мектепте асық атудан турнир өтіп, оған 60-тан астам жасөспірім қатысты.

Турнирдің мақсаты – асық ату ұлттық ойыны арқылы тіркеуде тұрған жасөспірімдер арасында саламатты өмір салтын және ұлттық құндылықтарды насихаттау. Қазір ұлттық ойындарды жасөспірімдер арасында кеңінен насихаттау қолға алынған.

Асық ату турнирінің жеңімпаздары мен қатысушылары мақтау қағаздармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Естеріңізге сала кетейік, 2017-2018 оқу жылында Астананың оқу орындарында ведомствоаралық өзара әрекеттесу аясында Астана қаласы әкімдігі, прокуратура, ІІД, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы құқық қорғау органдарының академиясы бірлесіп «Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуды жаңғырту» жобасын қолға алған болатын.