Астанада қайта құрылған кадеттер сыныптарының оқушыларына Ту табысталды

3.02.2018

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың аясында ҚР Қарулы Күштерінің әскери-патриоттық орталығында қайта құрылған кадеттер сыныптарының оқушыларына Туды табыс ету рәсімі өтті.

Астана қаласы Білім басқармасының ұйытқы болуымен өткен салтанатты шараға 200 оқушы қатысты. Туды табыс ету шарасы ҚР Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақовтың, Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевтың, ҚР Қарулы күштерінің ардагерлерінің, мектеп әкімшіліктері мен кадеттердің ата-аналарының қатысуымен өткен болатын.

Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, кадеттерге Туды тапсыру салтанаты қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда өзінің оң әсерін тигізбей қоймайды.

«Кадеттерге Құрмет, Ерлік, Борыш символы – Әскери туды Астананың 20 жылдығы қарсаңында табыс ету олардың патриоттық сезімін арттыруға септігін тигізеді. Осылайша бұл шара қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың «тиімділік үлгісі» бола алады», - деп мәлімдеді Білім басқармасында.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Астананың 20 мектебінің жанынан 30 кадеттер сыныбы ашылған. Бұл сыныптарда 650 кадет білім алады.