Астаналық оқушылардың терминатор жасайтын күні алыс емес

7.09.2017

Жаңа оқу жылы елорда оқушылары үшін жағымды жаңалықпен басталды. Биылдан бастап елорда мектептерінің бәрінде қосымша пән ретінде робототехника пәні енгізілді. Енді техника мен ақпараттық технологиялардың дамыған заманында елордалық оқушылардың көшпен бірге робототехниканың қыр-сырын үйренуге зор мүмкіндігі бар. Оқу маусымының алғашқы күні-ақ Астана әкімдігі медиа орталығының тілшілері мектептегі жаңа «пәннің» қалай өтетінін көріп қайты.

Робототехника негізгі пән емес, әзірге қосымша білім беру  негізінде, факультатив ретінде енгізіліп отыр. Осы күні Астанадағы 47 мектепте робототехника сыныбы ашылды. Жыл соңына дейін тағы 37 білім мекемесінде арнайы жабдықталған сынып ашу көзделіп отыр.  Еліміз бойынша эксперименталды жоба алғаш болып елордада қолға алынды! Ал енді бұл жоба біздің балаларымызға не береді деген сұраққа келсек...

Әлемнің білімі мен техникасы дамыған озық 30 елдің қатарына кіру үшін балаларымыз білімді болуы керек. Білім-ғылымнан асқан байлық жоқ, әрі ешбір материалды байлық бұл кұндылықпен тең келмек емес. Бүгінде  бесіктен белі шықпай жатып бүлдіршіндер ұялы телефонның тілін біледі. Тіпті, ересек адам түсіне алмайтын тетіктерді көзін жұмып-ақ айтып берулері бар. Ал осы ретте мектеп қабырғасынан бастап робототехника пәнін оқыту балаларға ғылымның бұл түрімен ерте танысуға зор мүмкіндік беріп отыр. 

Робототехника ТМД елдерінің бірқатарында негізгі пән ретінде болмаса да Ресейдің бірқатар қалаларында қолданысқа енгеніне бірнеше жыл болды. Қазақстанда  биыл алғаш Астана мектептері жаппай енгізіліп жатыр. Әр мектепте орта есеппен кемі 4 сағаттан өткізу көзделіп отыр. 

Медиа орталықтың тілшілері қаладағы №73мектеп лицейіне барып қайтты. Себебі елордадағы робототехника сыныбын алғаш болып ашқан да осы білім ордасы болатын. Бүгінде аталмыш сынып 1-8 сынып аралығындағы оқушыларға робототехниканың қыр-сырын үйретуде.

Назарбаев университетінің түлегі Әнуар Ассамидановтың айтуынша робототехника сыныбы қажетті құралдармен жабдықталған. Сыныптағы құралдар 1-3 сынып оқушылары және 3-8 сынып оқушыларына арналып алынған. 

Яғни, жас ерекшеліктері мен даму қабілеті ескеріледі. Бұдан бөлек робототехниканы жетік меңгергісі келетін және олимпиадалар мен жарыстарға қатысамын деген оқушыларды қосымша дайындайды. 

Жалпы, робототехника сыныптарын ашқанда бірқатар талаптар ескерілген. Біріншісі - оқу құралдарының жеткілікті әрі талапқа сай болуы. Түптеп келгенде оқушылаға  берілетін білім бәсекеге қабылетті болуы тиіс. Екіншісі  -  робототехника пәнінен беретін мамандардың жеткілікті болуы шарт. Бұл ретте Назарбаев университетінің мамандармен елорда мектептерінің информатика пәнінің мұғалімдері арнайы дайындықтан өткізілді. 

Айта кететіні бір менторға (ұстазға) 8-15 оқушыдан келеді. Яғни мұғалім 40 минут ішінде әр оқушыға көңіл бөліп, жұмыс істей білуі керек. Егер робототехника саласын меңгеруге оқушылар қызығып жатса ол пәннен беретін мамандар саны да арта түспек. 

Жаңа пән болғандықтан бұл салаға қатысты көп сұрақ туындайтыны анық. Әзірге белгілісі бұл бастама болашақта ел мүддесі үшін қызмет ететін болады. Себебі, техниканың сағат емес, секунд сайын дамып жатқан сәтінде қазақ баласының тың саланы иегеруге ұмтылуы жақсы жаңалық.

Робот десе көз алдымызға темір адам Терминатор елестеуші еді. Енді астаналық балалардың өз терминаторын жасайтын күн алыс емес.

Дереккөзі: http://astana.gov.kz.