Кішкентай робототехниктер алғашқы жетістіктерін көрсетті

Мектепке дейінгі ұйымдарға арналған «Робототехника – нұрлы болашақ кепілі» атты қалалық семинар-практикум №54 балабақшада өтуде, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты. Семинар жұмысына астананың 50 мемлекеттік балабақшасының жетекшілері мен жас мамандары қатысты. Шараның негізгі мақсаты – мектепке дейінгі ұйымдарда робототехника туралы білім беру аясындағы тәжірибемен алмасу.

№54 балабақшаның орынбасары Зариякүл Иманбаева қонақтарға мульт-студияны, робототехника және арт-терапия кабинеттерін көрсетті.

«Әлемнің үздік сарапшыларының айтуынша, 2025 жылға қарай роботтардың қызмет көрсетуі және басқару ең қажетті мамандық болады. Біздің жас ұрпақ заманға сай болуы үшін  оларды жастайынан жаңа дағдыларды үйренуге бейімдеу керек. Біздің балабақшада бұл бағытта білім беру 3-4 жастан басталады. Робототехника түрлі элементтерді қолдану арқылы жобалау мен жасап шығаруға дағдыландырады. Бала роботты модельдеуді үйренеді, қосымшаның мақсатын анықтайды, бағдарламаны құрастырады және оны басқаруды үйренеді. Әрине, жұмыс кезінде баланың жасы ескеріледі», – деді ол.

Сонымен қатар, оның айтуынша, құрастыру баланың ұсақ моторикасын дамытуға, сол арқылы сөйлеу қабілетінің дамуына, оңай бейімделуіне мүмкіндік береді.

«Балалардың қызығушылығы өте жоғары, үйірмеге 140 шақты бала қатысады. Сонымен қатар, балабақшадағы басқа балалар да осы жинақтарды пайдалану мүмкіндігіне ие. Олардың тәрбиешілері өз сабақтарында құрастыруды пайдалана алады», – деп қорытындылады ол.

Leave a Reply

Your email address will not be published.