Жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар

Жеңілдік санаттағы балалар?

Мектепке дейінгі мекемелерге жолдамалар жеңілдік санатындағы балалар ескерілген кезектілікке сәйкес беріледі:

– мектепке дейінгі балалар ұйымдарына кезектен тыс орын алу құқығы – әскери қызметшілер және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, оның ішінде қызметін атқару кезінде қаза тапқан, қайтыс болған немесе із-түссіз жоғалғандардың балаларына;

– мектепке дейінгі балалар ұйымдарына бірінші кезекте орын алу құқығы – заңды тұлғалары мүгедек болып табылатын; ата-аналарының қамқорлығынсыз қалғандар; жетімдер; көп балалы отбасыларынан шыққан; ерекше білім беруді қажет ететін балалар. Осы жеңілдік санаттары «үшке бір» жиілігінде жолдама алады (жеңілдік санаттағы бір өтініш беруші және жалпы негіздегі үш өтініш беруші).

 (Жеңілдік мәртебесі «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» 2012 жылғы 16 ақпандағы № 561-IV ҚР Заңына , Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 11.10.2017 жылғы № 518 бұйрығына сәйкес айқындалады).

Кезектің ауысып тұруы, жылжуы неге байланысты?

  1. Кезек балаңыз толық 2 жасқа толғаннан кейін ғана қозғала бастайды бастайды, өйткені осы жасқа дейін балабақшаларға тіркеу жүргізілмейді. Қозғалыс тек кезекке қойылған балалар сол кезектен алынған жағдайда ғана мүмкін болады. Сонымен қатар, тағы бір ескеретін жайт – кезек қозғалысы баланың мектепке дейінгі ұйымда ресми түрде тіркелгеннен кейін ғана жылжиды (хабарлама алғаннан кейін 5 күн ішінде, бірақ ата-ананың өтініші бойынша 30 күнге дейін созылуы мүмкін).
  2. Кезектің келгендігі туралы хабарлама жіберілген соң, ата-аналарға қажетті мекемені таңдау үшін 3 жұмыс күні беріледі. Уақыт регламенті бойынша 3 жұмыс күні ішінде жолдаманы алмаса, онда бұл орын кезекте тұрғандардың барлығына қолжетімді болады, (бірақ балабақшаны таңдамаған бұрынғы өтініш беруші кезекте қала береді).
  3. Ата-аналар қажетті мекемені таңдағаннан кейін, балаға жолдама беріледі және 5 жұмыс күні ішінде көрсетілген мектепке дейінгі ұйымға бару қажеттілігі ескеріледі. Егер 5 күнде баруға мүмкіндік болмаса, ұзарту функциясын пайдаланып, 30 күн ішінде таңдалған мекемеге баруға болады, орныңыз сол уақыт аралығында сақталады. Ал егер жолдама алған соң 5 жұмыс күні ішінде мекемеге бармасаңыз (алдын ала ұзарту функциясын қолданбай), СТОП-тізіміне 10 жұмыс күніне тіркелесіз. Бұл тізімде оналасқан ата-аналар үшін балабақша таңдауға мүмкіндік болмайды. 10 жұмыс күні өткен соң қажет функцияларға қолжеткізу мүмкіндігі қайта пайда болады. Дегенмен егер СТОП-тізімге 2 рет түскен уақытта, үшінші ретте бала автоматты түрде кезектен алынады.

*Ата-аналарға жүйеде келісімшартқа онлайн түрде ЭЦП кілті арқылы қол қою мүмкіндігі қолжетімді.

  1. Көп жағдайда кезекте тұрған балалар саны балабақшаға жолдама алып, азаяды, бірақ көбеюі де мүмкін. Бұл жеңілдікті санаттағы балалардың кезекке тұруына не кезектен шығуына байланысты.
  2. Жүйеде алты жасқа толған барлық балалар кезектен алынады, сонымен қатар егер ата-ана жыл ішінде орын алуға қызығушылық танытпаса, сол кезде де кезектен алынатын болады. Егер ұсынылған деректердің заңдылығы туралы сұрақ туындаса, жүйе өтініш қабылдаудан бас тартуы мүмкін.
  3. Кез-келген мектепке дейінгі білім беру мекемесіне, оның ішінде мемлекеттік білім беру тапсырысы бар жекменшік балабақша немесе шағын орталыққа жолдама алған кезде, бала автоматты түрде кезектен алынатын болады (дегенмен, мектепке дейінгі мекеме барып жүрген баланың жеті жасқа дейін кезекке қайта тұруға құқығы бар). Яғни баланы мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтамасыз ету қызметі тек бір рет ғана беріледі.

6 жастағы балалар бойынша

«Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 31-бабының 1-тармағына сәйкес, 1 сыныпқа оқуға алты жастан бастап балалар қабылданады. Аталған норма 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді.

2019-2020 жылғы 1 қыркүйекте 1 сыныпқа 6 жастағы балалар, сондай-ақ, ата-аналардың қалауы бойынша ағымдағы күнтізбелік жылдың соңына дейін алты жасқа толған балалар қабылданатын болады.

ҚР «Білім туралы» Заңының 30-бабына сәйкес мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту алты жасқа дейін отбасында, мектепке дейінгі ұйымдарда, бес жастан бастап мектепалды даярлық сыныптарында, отбасында, мектепке дейінгі ұйымдарда, жалпы білім беретін мектептердің мектепалды даярлық сыныптарында (лицейлер, гимназиялар) жүзеге асырылады.

Мектепке дейінгі ұйымдардың қызметінің үлгілік қағидаларына сәйкес мектеп жасына жеткен балаларды мектепке дейінгі ұйымнан шығару жыл сайын 1 тамызға дейін жүзеге асырылады.

1 қыркүйекте 6 жасқа толмаған балалар мектеп жасына толғанға дейін отбасында, мектепке дейінгі ұйымдарда, жалпы білім беретін мектептердің (лицейлердің, гимназиялардың) мектепалды сыныптарында тәрбиеленіп, оқиды.

Балабақшаларда орын алмасуы қалай болады?

Бүгінгі таңда балабақшалар арасында орын ауысу қызметі мемлекеттік қызметтер реестріне тіркелді. Қазір Білім және ғылым министрлігі тарапынан осы қызметтің бекітілген Стандарты әзірленуде. Сондықтан стандарт күшіне енгізілгенге дейін орын алмасу бойынша қызметі балабақшалар арасында өткізілмейді.

Бірінші кезекте балабақшалардағы орын алмасуы бойынша  әлеуметтік желіде жүрген заңсыз әрекеттерді жоққа шығару мақсатында жасалынып отыр.

Ата-аналарға арналған түсіндірме жұмыстары қашан өтеді?

Түсіндірме жұмыстары 25 маусымнан бастап 5 шілде аралығында сағ.9.00 бастап 18.00-ға дейін апта бойы елордалық екі оқушылар сарайлары негізінде жүргізіледі. Одан соң үлгермеген ата-аналар кез-келген мемлекеттік балабақшаға барып консультациялық көмек ала алады. Жүйемен оқушылар сарайларында танысуға болады.

e.astana.kz  жүйесінің жаңарған нұсқасы 27 маусымнан бастап жұмыс істейді, ұялы телефон арқылы да 27 маусымнан бастап қолжетімді болады (Назар аударыңыз! Мобильдік қосымшасын жүктемейміз, телефондағы браузер арқылы кіреміз). 

Ерекше қажеттілігі бар балалар үшін кезек қалай ұйымдастырылады?

Жүйеде кезекке тұру мен жолдама алу процестері барлығына бірдей өткізіледі. Кіріп өзіңіз, балаңыз жайлы ақпаратты енгізесіз,  егер жеңілдік санатқа жататын болсаңыз жүйеде ол көрсетіліп тұрады, егер көрсетілмесе ПМПК жолдамаңызды тіркейсіз.

Жүйеде сіз бірінші кезекте орын алу құқығы бар ата-ана ретінде тіркелесіз. Балабақша таңдаған уақытта түзету топтары бар балабашаларды іріктеп алып, керегін таңдайсыз (бүгінгі таңда қалада 48 түзету кабинеті мен 10 логопункттары қызмет жасайды). Сонымен қатар жүйеде арнайы тұзету балабақшасын таңдау мүмкіндігі де қарастырылған (қалада екі балабақша – №64 и №23).